Құлақтан кіріп, бойды алар…

Құлақтан кіріп, бойды алар…

     Музыкалық әуеннің адамның жан дүниесіне әсер ете алатын қабілеті зор. Ол адамның жан толғанысын туғызып қана қоймай, оның бойында орын алған күйзеліске де әсер ете отырып, олардың ой-өрісіне оң ықпалын тигізеді. Осы бір жайларды назарларына алған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері таяуда дыбыс жазатын студияға қол жеткізді. «Дыбыс жазатын студияны орталық қызметкерлерімен қатар, мекеменің қызмет алушылары да пайдаланатын болады. Музыкалық студия тек жәй көңіл көтеру үшін ғана емес, сонымен қатар ол қызмет алушыларға терапиялық мақсатта қызмет етеді. Өздеріңізге мәлім, біздің орталықта қилы тағдырлары тоғысқан адамдар тұрып жатыр. Әдетте, жандары жаралы жандар өз күйзелістерін, жан толғаныстарын іштерінде сақтап жүреді. Ал музыкалық әуен болса, олардың ішкі жан дүниесіне оң әсер етіп, жағымды нәтиже берері сөзсіз. Әр адамның музыкаға деген ықыласы әртүрлі болып келеді. Орталығымызда қызмет алушылардың арасында егде адамдар да кездеседі. Бір ерекшелігі, олар қартайған шақтарына қарамастан өздеріне таныс өлеңдердің сөздері мен әуенін шатастырмай, анық айтып, ән салады. Өлең айтқаннан кейін олардың жан дүниесінде қас қағым сәтке болса да, шаттық пен тыныштық орнайды, бұл өмірде қол жеткізе алмай жүрген жылулық пен жайлылықты сезінеді» — дейді, орталық психологы Сәуле Әмірқызы Әбсадықова. Айтса айтқандай, маманның бұл айтқанына дәлелді мысал кезек күттірмеді. Сексеннің сеңгіріне шыққан қызмет алушы Любовь Павловна Башуркина студияның тұрақты келушісі. Ол бар өмірін музыкаға арнаған жан. Жастайынан музыкалық училищені тәмәмдап, зейнеттік демалысқа шыққанға дейін  қалалық филармонияның әншісі ретінде әлемнің көптеген елдеріне гастрольдық сапарлармен шығып жүреді. Гастрольде жүрген кездерінің бірінде аты аңызға айналған атақты әнші Людмила Зыкинамен жақын танысып, батасын алып, көп жылдар дәріс алып жүреді. Өмір деген шар айна демекші, әр адамның тағдыр тауқыметіне түсетіні беймәлім. Иә, қалай болса да, тірі адам тіршілігін көреді. Ал Любовь Павловна болса, өзінің басына түскен қиындықтарына мойымауға тырысып, асқақ дауысымен тебіренте шырқаған әндерімен жан жарасын жазуға ден қойған…