Айнұрдың асқақ арманы

Айнұрдың асқақ арманы

    Орталықта он жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан кадрлар бөлімінің аға инспекторы Айнұр Нұрдәулетқызы Әркенова жайлы жазу көптен бері менің ой өзегімнен түспей жүрген еді. Таяуда соның сәті түсіп, кадрлар бөлімінің басшысымен әңгімелесудің реті келді. … Қарағанды облысы, Нұра ауданының, Нұра кенті…. Осы бір шөбі шүйгін, жусаны жұпар, табиғаты әсем Сарыарқаның қасиетті жері Айнұр үшін ата-мекен ұғымының әсерлі баламасы, әуезді қайырымы секілді. Осында оның кіндік қаны тамып, балалық шағы өтті, алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, әліппе таныды. Ана тілінің қадір-қасиетін бойына сіңіре білген Айнұрдың мектеп бітірген сәттегі мамандық таңдауы да  кезек күттірмеді. Ол Қарағанды қаласындағы Е.А. Бөкетов атындағы мемлекеттік университеті филология факультетінің «қазақ тілі және әдебиеті» бөлімшесіне оқуға түсіп, оны 2007 жылы ойдағыдай тәмәмдап, «қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығына ие болады. Осы саланың маманы болуына орай, сол жылы Нұра ауданындағы аудандық «Нұра» газетінің меншікті тілшісі болып қызмет ете бастайды. Тілшілік қызметін оқумен ұштастыра жүріп, талапты жас «Қазтұтыну одағы» Қарағанды экономикалық университетінің заң факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 2009 жылы аяқтап, заңгер мамандығына қол жеткізеді. Сол жылы Астана қаласындағы қала әкімдігінің «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеумеке қосу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне әлеуметтік қызметкер болып орналасады. Осы тұста оның өмірінде өзгерістер орын алып, Асылбек деген азаматқа тұрмысқа шығып, отбасын құрады. Дүниеге келген Арайлым есімді сүйкімді қыздары  өмірлерінің қуанышына айналады. Айнұр Нұрдәулетқызы, бала күтімі бойынша демалысқа шығып келгеннен кейін Орталықтағы жұмысын жалғастыра береді. Уақыт өте келе, яғни 2012 жылдың 19 қарашасында мекеме директорының әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары, ал 2013 жылдың 22 сәуірінен бастап кадрлар бөлімінің басшысы болып тағайындалады. Ол  өз міндетіне кіретін кадрлық іс жүргізу, жұмысқа қабылдау, жұмыстан босату, қысқарту, ауыстыру және сол сияқты басқа да ауқымды жұмыстарды әрдайым уақытында және мұқият орындауға ден қойған. Сол сияқты Айнұр қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, көптеген мерекелік шараларды ұйымдастыруға белсене ат салысады және өзі де қатысады. Атап айтсақ, таяуда ғана ол қала күні мерекесінде, Орталықта өткен мерекелік концертте әуезді ән айтып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сонымен қатар Айнұр Нұрдәулетқызы Әркенова мекемедегі қазақ тілінің айтулы жанашыры. Оны өзінің ортаға салған пікірінен де аңғаруға болатын сыңайлы. Айнұр Нұрдәулетқызы, қазақ тілінің қазіргі жағдайы туралы не айтар едіңіз? — Шынымды айтсам, қазіргі қазақтардың басым көпшілігі өз ана тілінде жетік сөйлей алмай келеді. Қазақ қоғамы қазақ тілі үшін әлі де алаңдаулы болса, ендігі арада оған мемлекет кінәлі емес шығар. Оған әр қазақ, өзіміз кінәліміз деп ойлаймын. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып саналғанымен, оны өз төрімізге шығара алмай, соның себебінен өсіп келе жатқан үрпағымыздың санасында қазір -«қазақ тілінсіз де күн көріп, адам болуға болады екен» — деген қасіретті ұғым қалыптасып жатқанға ұқсайды. Бұл халқымыз үшін қауіпті құбылыс. Ол туралы талай рет айтылды. Өзге тілде сайрап тұрып, өз ана тіліміздің тұншығып жатқанына жаның ауырады… Бірақ менің ойымша көкірегі ояу, жүрегінде намысы бар азаматтар болып отырғанда, қазақ тілі ешқашанда қараусыз қалмайды. Қызметіне жауапкершілікпен қарап, барлық атқартатын істерін ақылға салып, дәйектілікпен орындайтын қызметкер әріптестерінің арасында үлкен сый-құрметке ие болып отыр. Жыл сайын табысталатын марапат, алғыстары соның айғағы болса керек. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Т.Х. Дүйсенова табыс еткен «Құрмет грамотасы», сол сияқты, Астана қаласының әкімі А.О. Исекешев, Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы Л.Е. Әбуева табыстаған «Алғыс хат» Айнұр Нұрдәулетқызының нәтижелі еңбегінің жемісі деп білеміз. Ілгерішіл көзқарасты, көкірегі ояу жанның алға қойған мақсаттары мен асқақ армандары да бір төбе.                 «Әрине, армансыз адам болмайды. Мысалы мен әлеуметтік саланың министрі болғым келеді,  жалғыз қызыма серік болатын ер бала тууды армандаймын» — дейді, күлімсіреп Айнұр Нұрдәулетқызы. …Несі бар, білімді, адал, мейірімді, ақылды азаматшаның асқақ арманы орындалып жатса нұр үстіне нұр болары хақ.