Ашық есіктер күні

Ашық есіктер күні                             

     Үстіміздегі жылдың 22 қазанында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Өмірлік қиын жағдайда  қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Назарбаев университетінің бір топ студенттері келді. Алдымен таңғы сағат онға қарай орталыққа студенттердің жетекшілері, оқытушылар Раушан Әлібекова және Алпамыс Исанов бастаған медицина факультетінің (мамандық – қоғамдық денсаулық сақтау) 1 курс  студенттері және 2 курстың студенттері келді. Студенттердің жетекшісі, оқытушы Раушан Шұбайқызының айтуынша, орталық жұмысымен егжей-текжейлі танысу студенттер келуінің негізгі мақсаты болып табылады. Сол сияқты, олар қызмет алушылардың арасында қандай сырқаттардың басым екендігін, инфекциялық аурулары бар тұлғалардың бар-жоғын білгісі келді. Студенттердің барлық сұрақтарына орталық мамандары толық және жан-жақты жауап берді.