Атына заты сай

Атына заты сай

         Қазіргі нарық заманында кез келген мекеме, қабаттасқан қиындықтарға қарамастан, өз жағдайларын өздері жасауға ұмтылған. Осы орайда, Нұр — Сұлтан қаласы әкімдігінің «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бюджеттік мекеме болғандықтан, өз шаруашылығын өзі жүргізіп, бөлінетін қаражатты үнемді жұмсап, әрбір атқарылатын шаруашылық істерін жоспарлы есеппен жүргізуге ден қойған. «Мекеменің ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жылу жүйесімен қамтамасыз етуге, мекеме аумағын жайластыруға, көлікпен қамтамасыз етуге тек дұрыс шаруашылық есеп жүргізу арқылы ғана қол жеткізуге болады» — дейді, орталық директорының әкімшілік-шаруашылық бөлімі бойынша орынбасары Дарын Қанатұлы Ахметов. Айтса айтқандай, мекемеде 7 жыл бойы табан аудармастан қызмет етіп, мекеменің барлық тыныс-тіршілігін жете біліп келе жатқан маман сөзінің жаны бар сыңайлы. Дарын Қанатұлы 2012 жылы Астана қаласы «Жұмыспен қамту орталығының» жолдамасы бойынша орталыққа келіп, әлеуметтік қызметкер болып орналасады. Уақыт өте келе жас маманнның бойындағы жауапкершілігі мен жұмысына деген талапшылдығын, бастамашылдығын байқаған мекеме басшылығы 2014 жылы жас маманды орталықтағы түнгі келушілер бөлімінің басшысы етіп тағайындайды. Алғыр жас бұл қызметін де тиянақты атқарып, аз уақыттың ішінде директордың орынбасары лауазымына дейін жоғарылайды. Дарын Қанатұлы өзіне жүктелген ауқымды міндеттерді ойдағыдай орындай келе, мекемеге жыл сайын ағымдық жөндеу жүргізіп, әрбір 3 жыл сайын күрделі жөндеуді жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ал қазіргі шарықтаған бағалар бой алдырған кезеңде шаруашылық жүргізу оңайға соқпайтынын ескерсек, Дарын Ахметовтың қызметі сөз жоқ, көрегендікті талап етеді. Осынау бір тұрлаулы тұрмыстың қиындықтарын есепке ала отырып, ол шаруашылықтың келіспей жатқан тұстарын қиыннан қиыстырып, келісті етіп шығаруға тырысады. Мекеменің ауласына кіре қалсаңыз қашанда талғамды тазалық бірден көзге көрінеді. Сол сияқты мекемеге қызмет көрсететін көліктер де әрдайым қалыпты жағдайда болып, кез келген уақытта жүруге дайын тұрады. Осындай ауқымды жұмыстарды ұқыпты орындап, әрдайым көздеген мақсатына қол жеткізуге ден қойған Дарын Қанатұлы орталық шаруашылығының тындырымды істерімен қатар, мекемеде спорттың жандануына елеулі үлес қосып, қоғамдық шараларға да белсене қатысады. Өзі капитандық тізгінді қолына алған футбол командасы мекеме ведомствоаралық ұйымдарының арасында өткізілетін жарыстарда 4 жыл қатарынан бас жүлдені иеленіп келеді. Қызметіндегі игі істерімен қатар Дарын Қанатұлы ұқыпты отағасы болып отыр. Зайыбы Айгерім екеуі екі кішкентайларын бағып, бойларына өздеріне дарыған ізгі қасиеттерді баулуда. Тиянақты да, тындырымды істерімен көзге көріне білген мекеме басшысының орынбасары жыл өткен сайын жоғарғы басшылық тарапынан сый құрметке бөленуде. Ол 2014 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің құрмет грамотасына ие болса, 2015, 2016, 2017, 2019 жылдары қатарынан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының алғыс хаттарына ие болып келеді. Алдағы уақыттарда біз, атына заты сай болып келетін басшының нәтижелі істеріне  куәгер бола беретінімізге сеніміміз мол.