Көңілдің құштар құсын түлетіп…

Көңілдің құштар құсын түлетіп…

         Астана күні қарсаңында әрбір мекемеде көпшілік-мәдени шарлардың орын алатыны белгілі. Осы дәстүрді назарларынан сырт қалдырмайтын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз қызметкерлері мен қызмет алушыларының көңілдерінен шығатын тамаша «сыйлық» әзірледі. Орталықтың акт залына жиналған қызмет алушылар мен қызметкерлер өз әріптестерінің күштерімен дайындалған концертті тамашалап, бір серпіліп қалды. Орталықтың медицина қызметкерлерінің шығармашылық тобы «Мереке» әнін тамылжыта орындаса, олардың артынан сахнаға шыққан Сәния Шәйкенова мен Айдын Қуанышбаевтың қосылып орындауындағы  әуезді ән көптің көңілінен шыға білді. Кадрлар бөлімінің басшысы Айнұр Нұрдәулетқызы Әркенованың орындауындағы ырғақты әуен жиналғандар көңілінің кілтін тапқандай әсер қалдырды. Ал сөз тізгінін қолына алған қонағымыз, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Бауыржан Исаев жиналғандарға ыстық ілтипатын білдіріп, өзінің өзекжарды ойларын ортаға салды. Атақты әнші тыңдаушылардың айызын қандырып,  бірнеше өлеңдерін тамылжыта орындап берді. Әсіресе оның белгілі «Аяулым» әні көпшілік көңілінің кәусар бұлағын сусындатты десек, қателеспейтін шығармыз. Сол сияқты, эстрада жұлдызының орындауындағы ырғақты әуен басталғанда, жиналғандар көңіл көкжиектеріне  ерік беріп, билей жөнелді… Сонымен қатар, мерекелік шараның соңында мекеме директоры М. Қариев Орталықтың бір топ қызметкерлері, атап айтқанда: Динара Жанатқызы Шәймерденова, Қарлығаш Боранбекқызы Қаңтарбаева, Айнұр Нұрдәулетқызы Әркенова, Сәуле Әмірқызы  Абсадықова, Айым Қуанышқызы Қожабекова, Алтынай Әділханқызы Әбусағитова және Айсәуле Ерікбайқызы Дүзеева Астана күні мерекесіне орай Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгіновтың алғыс хатына ие болғанын жария етті.