Армысың әз Наурыз!

Армысың әз Наурыз!

         Наурыз – дүние жүзіндегі көптеген мұсылман халықтарының көнеден келе жатқан дәстүрлі мейрамы. Бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын. Десек те, көшпенділердің байырғы астрономиялық түсінігі бойынша әрбір жыл алты ай жазға және алты ай қысқа бөлінген. Наурыздың 21-де күн мен түннің теңесетінін ескеретін болсақ, дәл осы күндері Наурыз мейрамының басталатын күні деп айтуға толық негіз бар. Көктеммен бірге елге шаттық қуаныш пен күн шуағын молынан құятын әз Наурыз мейрамының халқымыз үшін орны ерекше. Осы орайда, Астана әкімдігінің хабарлауынша, еліміздің бас қаласында биылғы Наурыз мерекесіне 300 мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтары қатыстырылмақ.Жұртшылықты халықтық серуендер, концерттер, көрмелер, байқаулар, жарыстар мен дәмді ас күтетіні мәлім. Мерекелік шараға  Астана қаласы әкімдігінің «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі де тиянақты дайындалып, Наурыз мерекесін лайықты қарсы алуға әзір екенін білдірді. Үстіміздегі жылдың 20 наурызында орталық қызметкерлерінің күшімен мекеме төрінде қазақтың киіз үйі тұрғызылды. Оның іші халықтық нақыштағы әртүрлі жабдықтармен безендендіріліп, мереке шырайын келтіріп тұрды. Салтанатты рәсімді кадрлар бөлімінің басшысы Айнұр Нұрдәулетқызы Әркенова ашып, құттықтау сөзді мекеме басшысы Мұрат Хасенұлы Кариевке береді. Ол өз сөзінде ата-бабаларымыздан мұра болып қалған қасиетті Наурыз мерекесіне қысқаша тарихи мағлұмат беріп, жиналғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, амандық-саулық тіледі. Мерекелік шаралар ән шашумен басталып, артынша қара жорға биі, арқан тарту, қол күрес ойындары тамашаланды, сол сияқты «бесікке салу», «шілдехана» іспетті қазақ халқының ұлттық ойындары, сондай-ақ қазақ салт-дәстүрлеріне қатысты викторина ойналды. Киіз үй ішіне тізіліп қойылған ұлттық тағамдарға толы мерекелік дастархан көптің көңілінен шықты. Осылайша, мекеме қызметкерлері көктемнің шуағымен бірге келетін дәстүрлі мерекені аса бір шабытты құлшыныспен қарсы алып, өздерінің ұлттық құндылықтарға деген зор ықыластықтарын білдірді.