Баспанасыз, баянсыз, қауһары жоқ…          

                            Баспанасыз, баянсыз, қауһары жоқ…            

            Бүгінгі күні дәл осындай тағдыр тауқыметіне түсіп, өмірдің қиын жағдайына душар болған жандар аз емес. Ал баспанасыз, үй-күйсіз, тіршілік қарекетіне шамалары келмей қалған жандарды үкіметіміз қараусыз қалдырмайтыны белгілі жай. Осы орайда Астана қаласы әкімдігінің «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды  әлеуметке қосу орталығы»  коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұтқыр  әлеуметтік патруль қызметінің жүргізген 2 күндік рейді туралы шолуымыз әңгіме арқауы болары анық. Оның негізі де баршылық. Аталмыш қызметтің қызметкерлері өздері құрған жоспарлы кестелеріне сәйкес белгіленген бағдар бойынша күнбе-күн, ертелі-кеш шығып, тиісті адамдарды анықтап, тауып, сөйлесіп, оларды өз келісімдерімен орталыққа жеткізіп отырады. Үстіміздегі жылдың 9 сәуірінде арнайы машишаларымен рейдке шыққан ұтқыр әлеуметтік қызметінің қызметкерлері таңғы сағат тоғыздар шамасында «Астаналық базар» маңынан түрлері жабырқау, мазасызданып жүрген, реңдері солған, қырық бес – елулер шамасындағы  екі азаматты байқайды. Ұтқыр әлеуметтік патруль қызметкерлері кезек күттірместен қастарына жақындап, жөн сұрастырғанда, өздері болжағандай, олардың баспаналары жоқ, жұмыс таба алмай жүрген азаматтар екені белгілі болады. Екеуі де Астанаға өздеріне лайықты жұмыс іздеп келген көрінеді. Орталықтың әлеуметтік қызметкері Нұртас Досанұлы Рахметуллаев  бұл азаматтарға жолығып отырған мән-жайларын түсіндіріп, мекемелерінің атқаратын қызметтерімен таныстырып, қолдарына анықтамалары жазылған буклеттерді ұстатады.  Аяқ астынан өздеріне деген мұндай қайырымдылық пен қамқорлықты күтпеген азаматтар сәл абыржып қалса да, сәлден кейін сөзге келместен қызмет алушылар болып баруға келісімдерін береді. Фельдшер  Ғайнижамал Сұлтанғалиқызы Ахметова  жаңадан түсетіндердің денсаулықтарын тексеріп, олардың мекемелеріне жатқызуға жарамайтын жақтары табылмағаннан кейін, бәрі патрульдік машинаға мініп, орталық мекемеге бет алады… Осыған ұқсас жағдай келесі күні, яғни 10 сәуірде орын алады. Ұтқыр әлеуметтік патруль қызметкерлері өздерінің белгіленген кестелеріне сәйкес бағдар бойынша рейд жасап жүрген уақытта,  16 сағат 30 минут шамасында «Әлем» базарының маңынан өздері болжаған адамдарын  аз уақыттың ішінде тауып, әңгімелеседі. Бұл жолы баспанасыз жүрген 4 азамат өздеріне ұсынылған жағдайдан бас тартпай, қызмет алуға келісімдерін беріп, әлеуметтік патруль қызметкерлерімен орталыққа жеткізіледі. Олардың барлығы да қол-аяқтары сау, 35-55 аралғындағы  азаматтар бола тұрса да, не  үйлері, не жұмыстары жоқ болашақтары баянсыз, өмірлері тұрлаусыз тұлғалар болып шықты. – «Байқаған боларсыз, осылайша күнделікті рейдтерден біз баспанасыз, қауһарсыз адамдарды жинап, орталыққа тапсырып отырамыз. Әрине, әрбір адам өз тағдырына өзі қожа. Егер ерінбей-талмай, ізденіп талаптанса кез келген адамға екі қолға бір жұмыс әрқашанда табылуға тиісті деп ойлаймыз. Бірақ біз ешқашанда айдалада қалған адамдарды қараусыз қалдыра алмаймыз. Сол себепті оларды орталыққа жинап, әлеуметке қосу біздің  міндетіміз. Қызмет алушылардың арасында кейбір тағдыр тауқыметіне түскендер, қараусыз қалғандар, мүгедектер біздің мекемені өздері тауып келіп жатады. Біз өз тарапымыздан  қызмет алушылардың үміттерін үзбей, келешектерін сенімді етіп, әлеуметке қосуға тырысамыз» – дейді, ұтқыр әлеуметтік патруль қызметінің жетекшісі, түнгі келушілер бөлімінің басшысы Жайдар Жетпісбайұлы Шалғынбаев. Айтса айтқандай, «адамның күні- адаммен»- демекші, орталық қызметкерлерінің қазіргі өмірімізде белең алып жатқан осындай келеңсіз тұстарды айналып өтпей, баспанасыз, баянсыз, қауһары жоқ жандарға көмек көрсетулері қоғамымызға үлгі боларлық игі іс білгеніміз абзал.