Нормативтік -құқықтық акт

Скачать рамочное соглашение

 

Қазақстан Республикасы    
Денсаулық сақтау және    
әлеуметтік даму министрінің 
2015 жылғы 26 наурыздағы  
№ 165 бұйрығына 4-қосымша

 

Халықты әлеуметтік қорғау саласында уақытша болу жағдайында
арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты

1. Жалпы ережелер

      1. Халықты әлеуметтік қорғау саласында уақытша болу жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты (бұдан әрі – стандарт) «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Заңына сәйкес әзірленді.
      2. Осы стандарт белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдардың және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және (немесе) қылмыстық-атқару инспекциясының пробация қызметінде есепте тұрған адамдардың (бұдан әрі – қызмет алушылар) тәулік бойы уақытша тұруына (бір жылға дейін) немесе уақытша болуына (тәуліктің түнгі уақытында) арналған уақытша болу жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мемлекеттік және мемлекеттік емес меншік нысанындағы ұйымдарда (бұдан әрі – уақытша болу ұйымдары) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің көлемін және шарттары мен тәртібіне қойылатын талаптарды белгілейді, уақытша болу ұйымдарының қызмет тәртібін, арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну, көрсетуді тоқтату (тоқтата тұру) шарттарын айқындайды.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 17.03.2016 № 206 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      3. Уақытша болу ұйымдары қызмет алушылар үшін әлеуметтік бейімдеу орталықтары, түнде болу үйлері түрінде құрылады.
      Әлеуметтік бейімдеу орталықтарында қызмет алушылар үшін құрылымдық бөлімшелер – түнде болу бөлімшесі мен мобильді әлеуметтік патруль қызметі құрылуы мүмкін.
      4. Осы стандартты меншік нысанына қарамастан уақытша болу жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін барлық субъектілер сақтайды.
      5. Уақытша болу ұйымдары адам саны жүз мыңнан асатын қалаларда заңнамада белгіленген тәртіппен құрылады.
      Жергілікті атқарушы органдар өз шешімімен халық саны отыз мың және одан астам адам елді мекендерде уақытша болу ұйымдарын құруға құқылы.
      6. Уақытша болу ұйымдарына кәмелетке толған қызмет алушылар, оның ішінде түрлі себептер бойынша жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ, баспанасы жоқ немесе одан айырылған адамдар қабылданады.
      7. Қызмет алушылардың уақытша болу ұйымдарында болуына:
      1) науқастың өзіне және айналасындағылар үшін қауіпті мінез-құлқының өрескел бұзылуына ұштасатын психикалық аурулардың;
      2) белсенді процесс сатысындағы туберкулез, инфекциялық аурулардың, карантиндік инфекциялардың;
      3) алкогольге, есірткіге мас күйде болу;
      4) паллиативтік көмек қызметі мен мейірбикенің күтімі қажет аурулардың терминалды (соңғы) сатысы;
      5) мамандандырылған медициналық ұйымдарда стационарлық емдеуді қажет ететін басқа да аурулардың және/немесе жарақаттардың болуы медициналық қарсы көрсетілімдер болып табылады.
      Жоғарыда аталған медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар денсаулық сақтаудың тиісті ұйымдарына жіберілуге жатады.
      8. Уақытша болу ұйымы заңды тұлға болып табылады, оны құрылтайшы құрады және өз қызметін құрылтай құжаттарына, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

2. Уақытша болу ұйымының міндеттері мен функциялары

      9. Уақытша болу ұйымының негізгі міндеттері:
      1) қызмет алушыларға жедел әлеуметтік көмек пен қолдау көрсету;
      2) уақытша болу жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтерді осы стандартта белгіленген көлемге сәйкес көрсету;
      3) қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың жеке даму, әлеуметтік-еңбек бейімделу деңгейін арттыруға бағытталған арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету;
      4) көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыру болып табылады.
      10. Уақытша болу ұйымының негізгі функциялары:
      1) қызмет алушыларды қабылдау және орналастыру, оларды әлеуметтік бейімдеу бойынша іс-шаралар жүргізу;
      2) койка орын беру, төсек-орын жабдықтарымен, жеке гигиена заттарымен, іш киіммен қамтамасыз ету;
      3) қызмет алушылардың жеке басының қол сұғылмаушылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      4) уақытша болу ұйымында қолайлы моральдық-психологиялық жағдай жасау;
      5) осы стандартқа сәйкес жоғалтылған әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге бағытталған қажетті арнаулы әлеуметтік қызметтер кешенін ұсыну арқылы қызмет алушыларға жан-жақты көмек көрсету, қызмет алушыларды қалыпты өмірге қайта алып келетін өзге де іс-шараларды жүргізу;
      6) қызмет алушыларды арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің көлемі мен түрлері, уақытша болу ұйымдарындағы ішкі тәртіп ережесі туралы хабардар ету;
      7) еңбекті ұйымдастыруды жетілдіру және персоналдың біліктілігін арттыру;
      8) уақытша болу ұйымының қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыру;
      9) арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды анықтау және оларды уақытша болу ұйымына жеткізуді мобильді әлеуметтік патруль қызметі жүзеге асырады;
      10) уақытша болу ұйымының құрылтай құжаттарына сәйкес өзге де функциялар болып табылады.

3. Уақытша болу ұйымына қабылдау шарттары

      11. Бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін қызмет алушыларды уақытша болу ұйымына қабылдауды уақытша болу ұйымдары қызмет алушылардың өтініші бойынша немесе қызмет алушының нақты тұрған жері бойынша аудандық (қалалық) уәкілетті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарының (бұдан әрі – уәкілетті орган), денсаулық сақтау, ішкі істер саласындағы уәкілетті органдардың жазбаша жолдамасы бойынша жүзеге асырады. Өтініш осы стандартқа 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделеді.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 17.03.2016 № 206 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      12. Бұрын Қазақстан Республикасының басқа өңірлері аумағында тұрған және өз баспанасынан айырылған адамдар, оның ішінде жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдар уақытша болу ұйымына күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімге қабылданады, одан кейін олар жергілікті бюджет қаражаты есебінен немесе бюджеттен тыс тартылған қаражат есебінен бұрынғы тұрған жері бойынша уақытша болу ұйымдарына жіберіледі.
      13. Жоғалтылған әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіргісі келетін қызмет алушылардың уақытша болу ұйымында тәулік бойы тұру ұзақтығы бір жылдан аспайды.