Тағылымды таңдау

Тағылымды таңдау

             Оңтүстік Қазақстан  облысы, Мақтарал ауданы, Атакент қаласының тумасы Мөлдір Қыдырбайқызы Ділдәбекова үлкен отбасының кенжесі болып келеді.  Ауылдағы қазақ орта мектепті ойдағыдай тәмәмдаған Мөлдірдің алдында өмір жолын таңдау міндеті тұрған еді. Өзінің өнегелі отбасы тәрбиесінен адамға деген мейірімділік, жылулық, ықыластық сияқты ізгі қасиеттерді бойына сіңіре білген  жас қыздың болашақ мамандық таңдауына да осы қасиеттер арқау болды десек, артық айтпаспыз. Мөлдір орта мектепті бітіргеннен кейін, 2012 жылы Астана қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледждің әлеуметтік жұмыс факультетіне  оқуға түсіп, 2014 жылы оқу орнын  «қызыл» дипломға аяқтайды. Ендігі ретте талапты жас алған білімімен шектеліп қалмай, оны әрі қарай жетілдіру мақсатын қояды. Осыны көздеген Мөлдір сол жылы, кезек күттірместен бас қаламыздағы Қазақ экономикалық қаржы және халықаралық сауда университеті әлеуметтік жұмыс факультетінің күндізгі бөліміне оқуға түсіп, оны 2017 жылы тағы да «қызыл» дипломға тәмәмдайды. Талапты жас оқып жүрген кездерінде қаламыздағы қарттар үйіне практикаға барып, біраз тәжірибе жинақтайды. Ал жас маманның қызмет таңдауына «жасыл жол» ашыла бастаған сәтте, оның алғашқы еңбек жолының басталуына, өзінің бұрынғы оқытушысы Сәуле Бағауқызы себепші болады. Ұстазының кеңесін тыңдаған Мөлдір Қыдырбайқызы 2017 жылдың күзінде Астана қаласы әкімдігінің «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» коммуналдық мекемесіне әлеуметтік қызметкер болып қабылданады. Қызметінің негізгі бағыты қызмет алушылардың тұрғылықты жерлерін анықтап, құжаттарын қалпына келтіру  болғандықтан, жас маманның өзіне жүктелген адамдардың ісін бас көтермей қарастырып, үнемі солармен айналысып отыруына тура келеді. Сол себепті Мөлдірге қызмет барысында, құжаттарына үңіліп отырған сәтінде жолығып әңгімеге тартқан болатынбыз.

  • Мөлдір Қыдырбайқызы, қызметіңіз, оның кемшін жақтары, қиындықтары жайлы не дер едіңіз?
  • Әрине әрбір қызметтің өз ерекшеліктері, өз қиындықтары болады. Біздің жұмыс негізінен адамдармен әңгімелесіп, орталыққа түсу себептерін, құжаттарынын бар-жоғын анықтап, олардың әрбіреуіне жеке іс ашып, жан-жақты ақпарат алып, жоғалған құжаттарын қалпына келтіру болғандықтан, бұл тұстағы ең қиыны — олардың жоғалған құжаттарын қалпына келтіру  болып табылады. Оның бәріне уақыт керек, ал бұл көпке созылатын жағдай.
  • Оның себептері қандай?
  • Мысалы бізге қажетті бір анықтама алу үшін тиісті жерлерге ресми сұрау саламыз. Оның тиісті орнына баруы 2,3 аптаға, сондай-ақ сұрау салу жауабының келуі де 2,3 аптаға, әрі кеткенде 1 айға созылады. Ал біз бір емес, бірнеше анықтама алғаннан кейін ғана барып құжаттарды қалпына келтіре бастаймыз. Қызмет алушылар оны сарғайып күтсе, біз де солардың кейпіне түсіп жатамыз.
  • Құжатты қалпына келтіріп беруге арнайы мерзім белгіленген шығар ?
  • Әрине. Құжаттарды толығымен қалпына келтіріп беру уақыты 1 жылдан аспауға тиісті. Бірақ, көбінесе құжаттарды қалпына келтіру ұзаққа созылады. Мысалы біздегі қызмет алушылар Николаев, Летичивер деген азаматтардың құжаттарын келтіру уақыты қазір 1 жылдан асып барады, біздің жіберген сұрау салуымыздан жауап келмей жатыр. Енді олардың Орталықта болуын ұзарту үшін жоғарғы органдардан рұқсат алуымыз қажет, содан кейін ғана барып құжаттарды қалпына келтіру шараларын жалғастыра аламыз. Бұл тұста тағы да бір қиындықтарға тап болып отырмыз. Атап айтсақ, мысалы Украина елшілігіне ресми сұрау салу үшін 10 мың теңгеден астам қаражат қажет. Ал ол сұрау салудың жауабын алу үшін де сол шамадағы қаражатыңыздың болуы шарт. Ондай қаражат қызмет алушыларда болмайды. Біздің орталықта шығындардың мұндай түрлері  қарастырылмаған. Кейбір қызмет алушылар жақындарына, туыстарына хабарласып аталған қаражаттарды тауып қалулары мүмкін, бірақ ондай жағдайлар сирек кездеседі.
  • Мөлдір Қыдырбайқызы, мекемеде қызмет істеп жүргеніңізге 2 жылдың жүзі болып қалыпты. Осы уақыт аралығында неше адамды әлеуметке қоса алдыңыз, яғни құжаттарын қалпына келтірдіңіз ?
  • Қателеспесем осы уақыт ішінде 10 шақты адамның құжаттарын толығымен қалпына келтірдім. Таяу арада тағыда бірнеше адамның құжаттарын қалпына келтірілуге тиіспін. Өздеріңіз байқаған боларсыздар, әлеуметтік қызметкердің жұмысы адамнан мейлінше ұқыптылықты, шыдамдылықты, табандылықты талап етеді. Онсыз жұмыстың алға баспайтыны ақиқат. Ал осы қасиеттерді бойына сіңіре білген Мөлдір Қыдырбайқызы Ділдәбекова қазіргі кезде кәсібінің тағылымды таңдауының жемісін көріп келеді.
  •