ЖАРҚЫН  ІСТЕР  ЖАРШЫСЫ

    ЖАРҚЫН  ІСТЕР  ЖАРШЫСЫ

                       Қара торы, сом денелі, елгезек жігітпен орталықта  қызмет істей бастаған күннен –ақ танысқан  едім. Күнара аман-саулық сұрасу, әңгімелесу барысында Жайдар Жетпісбайұлы жайлы көңілге түйгенім көп болды. Ол өзінің еңбек жолын 2009 жылы Астана қаласы әкімдігінің «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде күзет және тәртіп инспекторынан бастаған екен. Бойындағы ілгерішіл қасиеттерінің арқасында Жайдар Жетпісбайұлы Шалғынбаев өзінің лауазымдары жағынан ілгерілеуіне жол ашады. Жас жігіттің талмайтын талабын құптаған орталық басшылығы оны 2013 жылы кезекші-администратор  лауазымына тағайындауды жөн санайды. Өзіне артылған сенімді ақтау  ыңғайында, талапты жас өз кәсіби білімін жоғарылату мақсатымен 2016 жылы Астана қаласындағы  Қазтұтыну одағы сауда-экономикалық колледжінің құқықтану факультетіне оқуға түсіп, 2018жылы оны ойдағыдай тәмәмдайды. Талапты жас әрдайым өзінің бір беткей, табанды мінезінің арқасында қызмет мәнісін тез меңгеріп, өзінің бастамашылдық қасиеттерін алға тартады. Таяуда  Жайдар  Шалғынбаевпен  шешіліп сөйлесудің  де реті келді. — Жайдар Жетпісбайұлы, әдетте былайғы жұрт ақшасы көп жерлерге барып жұмыс істеуді қалайды. Ал сіздің қызметақыңыз жайлы да ауыз толтырып айта алмайтын сыңайлымыз. Сонда сіздің бұл қызметті таңдауыңызға не түрткі болды? — Дұрыс айтасыз, бүгінгі күні өмір сүру тетігі болып табылатын қаражаттан кенде қалуға болмайды. Бірақ кез келген адам өз қалауы мен бейімділігіне орай жұмысты таба бермейді. «Қуған жетпес, бұйырған кетпес» — демекші, маған бұйырған жұмыс осы болды. Оған өкінбеймін. Біздің қызмет бағытының негізінен әлеуметтік көмек көрсету мен тәрбиелік мәні басым. Әрбір қызмет алушыны тыңдап, кеңес беріп, жігерлендіру ұстамдылық пен шыдамдылықты талап етеді, ол біздің міндетіміз. Ал біздің  кеңесімізден кейін сол қызмет алушының нәтиже шығарып, өз өміріне парасаттылықпен қарағаны, жұмысымыздың жемісі деп білемін.  Осы орайда «Алтын алма, алғыс ал» деген, ата – бабаларымыздың ұлағатты сөздері еріксіз ойға оралады. Жандары жаралы адамдарға қолдау көрсетіп, олардың өмірлерінің айшықты жолдарын дұрыс таба білулеріне себепші болу қашанда саналы адамның қанағаттанушылық сезімін туғызады.  Жайдар Жеттпісбайұлы сонымен қатар үлгілі отбасы. Айару атты кішкентай қызы зайыбы Айдана екеуінің қуанышына айналған.  Сол сияқты, жастайынан спорт десе «ішкен асын жерге қоятын» жігіттің спортқа деген құлшынысы да зор.  Жайдар Жетпісбайұлы Орталықтағы көптеген спорт жарыстарының ұйтқысы болып, өзі де спорт жарыстарына белсене қатысып, әрдайым жүлделі орындарға қол жеткізіп жүреді.  Атап айтатын болсақ, Жайдар Шалғынбаев 2014- 2018 жылдар арасында қатарынан, басқарма арасында өткізілетін спорт жарыстарында футболдан, қол күресінен жүлдегерлер қатарынан көрінсе, гір көтеруден, үстел үстілік теннистен алдына жан салмай келеді. Содан болар, ол әріптестерінің арасында қайраттылығымен, жұмысына деген талапшылдығымен ерекшеленеді. Жас маманның осындай ізгі қасиеттеріне мән беріп, бағалай білген мекеме басшылығы Жайдар Шалғынбаевты 2014 жылы түнгі келушілер бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Сол сияқты, ол осы қызметімен қатар ұтқыр әлеуметтік патруль қызметі басшылығын да өз қолына алған. Күнделікті келушілерді анықтап, қадағалауды, оларға әлеуметтік қызмет көрсетілуін бақылауға алуды, қызмет алушылармен әңгімелесіп, олардың мұқтаждықтарына жәрдем беруді міндетіне алған бөлім меңгерушісі өз ісін қалтқысыз орындауға тырысады. Сол себепті, Орталықтың осынау ауқымды істерін абыроймен атқарып жүрген жатқан Жайдар Жетпісбайұлы Шалғынбаевты  бүгінгі күні жарқын істер жаршысы деп сипаттауға  негіз бар.